Бүгін 2022-2023 оқу жылын қорытындылауға арналған жиын өтіп, рейтингке нәтижесі бойынша үздік шыққан білім беру ұйымдары марапатталды. Шараға Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қатысты.
Шаһар басшысы 2022-2023 оқу жылындағы сала қызметкерлерінің еңбегі шәкірттердің олимпиада, байқау, сайыстардағы жетістіктерінен көрінгенін атап, оқу жылын табысты аяқтаған білім саласы қызметкерлеріне алғысын білдірді. Өз сөзінде балалардың қауіпсіздігі, білім сапасын арттыру, жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру бағыттары бойынша білім беру ұйымдары басшыларының алдында тұрған маңызды міндеттерге тоқталды.
Сондай-ақ қала әкімі оқу жылының қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттады. Рейтингке барлық білім беру ұйымдары қатысып, 2022-2023 оқу жылы бойынша оқушылар мен ұстаздардың республикалық, облыстық және қалалық деңгейде олимпиада, ғылыми жоба, интеллектуалдық, спорттық, өнер байқауларындағы жетістіктері, іс-тәжірибелері баллдық жүйемен есептелді.
Жалпы орта білім беретін мектептер арасындағы рейтинг бойынша №7, 12, 19, 30, 37, 46, 47 мектептері жоғары нәтиже көрсетсе, бас жүлдені №20 мектеп алды.
Инновациялық мектептер арасында №41 лицей, №42 гимназия және №44 мектеп-гимназия жоғары нәтижелерімен көрінді. Бас жүлдені №35 лицей иеленді.
Қосымша білім беру ұйымдары арасындағы рейтингте «Оқушылар сарайы» озық шықты.
Қала әкімі жүлдегер білім беру ұйымдары басшыларына грамота табыстап, сыйақы сертификатымен марапаттады.
Бұдан бөлек жыл ішінде оқушыларды ұлттық код бойынша тәрбиелеу, тың жобаларды жүзеге асыруымен ерекшеленген білім беру ұйымдары қалалық білім беру бөлімінің грамотасымен, «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» ҚБ Орал қалалық комитеті атынан сыйлықтармен марапатталды.